Ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті

9-15 мамыр аралығында Қытайдың Цзяншань қаласында ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасында Азия чемпионаты өтіп, аталған чемпионатта Қазақстан намысын 14 спортшы, 5 әйел және 9 ер адам қорғады.

Бір аптаға созылған бәсекеде Антропов Артем 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде, қоссайыста 386 келі нәтижемен күміс жүлдегер (165 келі жұлқа көтеру, 221 келі серпе көтеру) атанса, Петр Хребтов 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде, қоссайыста 333 келі нәтижесімен қола жүлдеге (146 жұлқа көтеру, 187 серпе көтеру) қол жеткізді.

Сондай-ақ, Егор Шерер (89 келіге дейін) және Любовь Ковальчук (87 келіден жоғары) медальға бір қадам жақындап, жарысты 4-ші орынмен аяқтады.

28 ел өкілдері бақ сынаған құрлық бәсекесінің қорытындысы бойынша Қазақстан ерлер құрамасы командалық 3-ші орынға ие болса, әйелдер құрамасы 5-ші сатыдан көрінді.