WORLD BOXING CUP ASTANA 2025: Қазақстан қоржынында 8 алтын
Бокстан Астанада өткен WORLD BOXING CUP Astana 2025 Әлем кубогы кезеңінде отандық 16 боксшы жүлдегер атанды. Ел намысын қорғаған былғары қолғап шеберлері 8 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль иеленді.
Әйелдер арасынан Назым Қызайбай, Виктория Графеева, Наталья Богданова жеңімпаз атанса, Алуа Балқыбекова, Надежда Рябец және Елдана Тәліпова күміс медаль иеленіп, Аида Әбікеева мен Айдана Забынбекова қола жүлдені қанағат тұтты.
Ал ерлер сапынан Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Сабыржан Аққалықов, Бекзад Нұрдәулетов және Айбек Оралбай жеңістің ең биік сатысынан көрінсе, Нұрбек оралбай күміс жүлдеге қол созды. Сонымен қатар, Сағындық Тоғамбай мен Ертуған Зейнуллаев қола жүлдеге қол жеткізді.
Жарысқа 29 елден жалпы саны 250 боксшы келді. Бұл – рейтингтік жарыс. Яғни, спортшыларымыздың жинаған ұпайлары олимпиадаға жолдама алуға тікелей әсер етеді.

