Түркі мемлекеттерінің спортшылары Азия Кубогына таласады

29 қазанда Түркістан қаласындағы «Olympic center» спорт сарайында алғаш рет Қазақ ұлттық күресінен Азия Кубогы – «Turan Barysy» спорттық іс-шарасы басталады. Жарыста Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Венгрия және Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымы мүшелерінің өкілдері бақ сынайды.

Жарысқа 18 жастан асқан жеті адамнан тұратын командалар жеті салмақ дәрежесінде (55-ке дейін, 60-қа дейін, 66-ға дейін, 74-ке дейін, 82-ге дейін, 90-ға дейін және 90 кг-нан астам) күреседі.

Жарыстың басты мақсаты отандастар мен шетелдік аудиторияның назарын қазақтың ұлттық күресіне, мәдениеті мен дәстүріне назар аудартып, ел мәдениеті мен спортын өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттау. Жарыстың жалпы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды.

Айта кетейік, аталмыш турнир ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен, SportQory қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Жанкүйерлер турнирді Qazsport және TRT Avaz телеарналарынан тікелей эфирден тамашалай алады.

title