Демалыс күнгі спорттық жетістіктер

Бокс

Черногорияның Будва қаласында бокстан кіші Әлем кубогы аталып кеткен «Адрия інжуі» халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Аталмыш бәсекеде Қазақстан жастар құрамасы 27 медальға қол жеткізді. Отандық былғары қолғап шеберлері 4 алтын, 11 күміс және 12 қола жүлдеге қол жеткізді. Сербияның Ниш қаласында әйелдер арасында бокстан Әлем чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күні Алуа Балқыбекова (50 келі) кениялық Вероника Нзивадан басым түссе, Елдана Тәліпова (81 келіден жоғары) өзбекстандық Олтин Сотимбоеваны жеңді.  Өкінішке қарай, Анита Адишева (52 келі) алғашқы айналымында мексикалық Патино Хуареске жол берді. Ал Жайна Шекербекованың (54 келі) қарсыласы (бейтарап команда өкілі) жекпе жектен бас тартып, отандасымыз Әлем чемпионатының 1/8 финалына өтті. Бүгін 6 боксшы қызымыз шаршы алаңға шығады.

Дзюдо

Әбиба Әбужақынова дзюдодан Австрияның Линц қаласында өтіп жатқан Гран-при сериясының турнирінде 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үздік атанды. Отандасымыз финалдық белдесуде жапондық Сачиё Ёшиноны 10:1 есебімен жеңді. Айта кетейік, финалға дейін ол жапондық Мидзуки Хараданы, австриялық Жаклин Шпрингерді және нидерландтық Эмбер Герсджестен басым түскен болатын.

Спорттық гимнастика

Зейнолла Ыдырысов Әзірбайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан Әлем кубогының кезеңінде қола жүлдегер атанды. Ол ат снарядындағы жаттығулар финалында жоғары нәтиже көрсетіп, төрешілер шешімімен 14,400 ұпай жина, үздік үштіктен көрінді. Айта кетейік, бұған дейін Милад Карими (еркін жаттығу) мен Дмитрий Патанин (қоссырықтағы жаттығу) күміс жүлде иеленген болатын.

Футбол

«Астана» футбол клубы Қазақстан Премьер-Лигасының екінші туры аясында сырт алаңда «Қызылжарға» қарсы ойнап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Елорда командасы сапында Джефри Чинеду мен Назми Грипши нәтижелі соққыларымен көзге түсті.

 

 

title