Кәсіби клубтардағы соңғы жаңалықтар

«Астана» КБК

Атырауда Ұлттық лиганың ерлер командалары арасында баскетболдан Қазақстанның мерейтойлық XXX чемпионатының финалдық сериясы аяқталды. Елорда командасы сырт алаңда «Атырау барыстарына» қарсы ойнап, тартысқа толы кездесуде 64:70 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, «Астана» кәсіби баскетбол клубы Қазақстан Ұлттық лигасының 10 дүркін чемпионы атанды.  

«Астана» ФК

«Астана» футбол клубы OlimpBET футболдан Қазақстан чемпионатының 10-шы туры аясында сырт алаңда «Ордабасыға» қарсы ойнап, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ойында Педро Эуженио есеп ашса, кездесудің соңғы минуттарында қосалқы құрамнан алаңға шыққан елорда футбол мектебінің түлегі Станислав Басманов шымкеттік команда қақпасына жеңіс голын соқты. Айта кетейік, Срджан Благоевич шәкірттері 14 мамыр, яғни сенбі күні «Астана Арена» стадионында алматылық «Қайратқа» қарсы ойнайды.

Astana Qazaqstan Team

Маусымның алғашқы Гранд-туры – "Джирод'Италия" көпкүндігінде бақ сынап жатқан Astana Qazaqstan Team велокомандасының шабандозы Мигель Анхель Лопес сол жамбасының жарақатына байланысты 4 кезеңнің бірінші шақырымынан кейін жарысты аяқтауға мәжбүр болды. Айта кетейік, Венгрия мен Италия жерінде өтетін гран-тур 29-шы мамырға дейін жалғасады. Сондай-ақ, Astana Qazaqstan Team 11-15 мамыр аралығында өтетін "Венгрия туры" көпкүндік жарысында өнер көрсетеді. Аталмыш жарыста ел намысын Евгений Федоров, Евгений Гидич, Алексей Луценко (үшеуі де Қазақстан), Микеле Гадзоли, Давиде Мартинелли, Самуэле Баттистелла (үшеуі де Италия) қорғайтын болады.

«Барыс» ХК

«Барыс» хоккей клубында маусымаралық үзіліс кезеңі жалғасуда. Команда құрамының бірқатар ойыншылары командамен келісімшарттарын ұзартса, ойыншылардың тағы бір бөлігі ұлттық құрама сапында алдағы Әлем чемпионатына дайындалуда. Қазақстан құрамасы оқу-жаттығу жиыны барысында Латвияға қарсы екі кездесу өткізіп, екеуінде де ірі есеппен (5:0, 5:1) жеңіліп қалды. Соңғы кездесудегі Ұлттық құраманың жалғыз шайбасын барыс ойыншысы Никита Михайлис өз еншісіне жазды.

title