Ұлттық спорттың үздіктері марапатталды
Астанада ұлттық спорт саласындағы үздіктердің мерейін көтеруді мақсат еткен дәстүрлі «Алтын тұғыр – 2022» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды.
Көкпар, бәйге, дәстүрлі садақ ату, аударыспақ, құсбегілік, жамбы ату, теңге ілу, асық ату және тоғызқұмалақтан ел намысын асқақтатып жүрген дарабоздар арнайы жүлделер мен сыйлықтарға ие болды.
Биылғы «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері – 2022 жылғы ұлттық спорттың республикалық, халықаралық бәсекелерінде дара шыққан жеңімпаздар мен жүлделі орын иеленген көптеген спортшы лайық деп танылды.
Атап айтқанда, «Үздік құсбегі» аталымының «Бүркіт» түрі бойынша – Бақдәулет Бабажан, «Ителгі» түрі бойынша – Таңат Оспанқұлов, «Қаршыға» түрі бойынша – Бексұлтан Сейітжан.
«Үздік бәйге аты» аталымы бойынша – ат иесі Ұлан Омаров (Талхиз атты 4 жасар байтал).
«Үздік көкпар командасы» – Ұлттық құрама.
«Үздік асық ату командасы» – Ерлер және әйелдер ұлттық құрамасы.
«Үздік жамбы ату спортшысы» – Айкөз Ерелхан.
«Үздік теңге ілу спортшысы» – Бәйдібек Сабыров.
«Үздік аударыспақ спортшысы» – 70 келі салмақ бойынша Әлем чемпионы Шыңғыс Ержанов және 90 келіден жоғары салмақ бойынша Әлем чемпионы Данияр Смайлов.
«Үздік тоғызқұмалақ спортшысы» – ерлер арасында Ғалымжан Темірбаев, әйелдер арасында Әсел Далиева.
«Үздік дәстүрлі садақ ату мергені» – Қанат Қасымхан.
Ал «Жыл жаңалығы» аталымы бойынша «Алтын тұғыр» сыйлығын қазақ даласында тұңғыш ұйымдастырылған «Ұлы Дала жорығы» жобасының авторы Бақытжан Тұрлыбек иеленді.
Айта кетейік, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрлерінен жыл үздіктерін марапаттауға арналған «Алтын тұғыр-2022» салтанатты шарасы биыл тоғызыншы мәрте өткізіліп отыр. Ал Sport Qory аталмыш шараға екінші жыл қатарынан қолдау көрсетіп келеді.