Кәсіби клубтардағы соңғы жаңалықтар

«Астана» ФК   

«Астана» футбол клубы жексенбі күні OlimpBet футболдан Қазақстан чемпионатының 9-шы туры аясында өз алаңында «Тұран» командасын қабылдап, 3:3 есебімен тең түсті. Тартысқа толы кездесуде Педро Эужениу дубль авторы атанса, тағы бір голды Рай Влут өз еншісіне жазды. Осылайша Срджан Благоевич шәкірттері 9 турдан кейін, 14 ұпай жинап, турнирлік кестеде 3-ші орынға жайғасты. Елорда командасы келесі кездесуін 7 мамыр күні сырт алаңда «Ордабасыға» қарсы өткізеді.   

«Астана» КБК   

«Астана» баскетбол клубы өткен аптада Қазақстан біріншілігі аясында өз алаңында «Тобылды» қабылдап, 59:104 есебімен ірі жеңіске қол жеткізді. Сонымен қатар, команда ойыншысы Энтони Хики Біріңғай ВТБ лигасының қорытындысы бойынша «үздік перфоманс» жүлдесін иеленді. Елорда командасының көшбасшы ойыншысы ақпан айындағы «Локомотив-Кубань» командасына қарсы кездесуде трипл-дабл жасап, Біріңғай Лига тарихындағы 7-ші ойыншы атанды. Энтонидің орындауындағы 43 ұпай маусымдағы ең үздік нәтиже, сондай-ақ, Біріңғай лига тарихындағы екінші үздік көрсеткіш.   

«Барыс» ХК   

«Барыс» хоккей клубы қорғаушы Самат Данияр және шабуылшы Станислав Александровпен келісімшарт жасағаны туралы ресми түрде хабарлады. Данияр екі жылға (2024 жылғы 30 сәуірге дейін), ал Александров бір жыл мерзімге (2023 жылғы 30 сәуірге дейін) екі жақты келісімшартқа қол қойды. Сондай-ақ, 30 сәуір күні елорда хоккей клубы 2021/22 маусымдағы келісімшарттары аяқталған хоккейшілердің тізімін жариялады. Еркін агенттер қатарында «Барыс» сапынан Олле Альсинг, Якоб Берглунд, Линден Вей, Кёртис Волк, Коди Куник, Якоб Лилья, Эрик Мартинссон, Джо Морроу, Йони Ортио, Роман Савченко, Роман Старченко, Томаш Юрчо бар.   

«Astana Qazaqstan Team»

Astana Qazaqstan Team велокомандасы маусымның алғашқы Гранд-туры – «Джиро д’Италияға» қатысатын команда құрамын жариялады. 6-29 мамыр аралығында Венгрия мен Италия аумағында өтетін жарыста ел намысын Мигель Анхель Лопес (Колумбия), Винченцо Нибали (Италия), Давид Де Ла Крус (Испания), Джо Домбровски (АҚШ), Вадим Пронский (Қазақстан), Фабио Феллин (Италия), Харольд Техада (Колумбия) және Валерио Конти (Италия) қорғайтын болады.

title