SportQory жаңалықтары
БАСКЕТБОЛ
Баскетболдан Қазақстанның ерлер ұлттық құрамасы Әлем кубогының "F" тобы біліктілігіндегі екінші раундтың бірінші ойынын Қытайға қарсы өткізді. Кездесуде 56:68 есебімен қарсылас құрама пайдасына аяқталды (14-23, 10-18, 18-7, 14-20). Қазақстан құрамасы сапында Рустам Мурзагалиев - 14 ұпай, Шаим Қуанов – 10 ұпай, Максим Марчук – 10 ұпай жинап үздіктердің қатарынан көрінді. Отандық құрама келесі кездесуін 30 тамыз күні сырт алаңда Жапонияға қарсы өткізеді.
ДЗЮДО
Әлем чемпионатында Қазақстандық қос дзюдошы қола жүлдегер атанды. Дзюдодан Сараевода (Босния және Герцеговина) жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Диас Жолдыбаев 50 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, қола медальді еншіледі. Тағы бір отандасымыз Талғат Орынбасар 60 келіге дейінгі салмақта үшінші орынға тұрақтады. Еске сала кетейік, байрақты бәсекеде 60 елден келген 470 спортшы өз бақтарын сынауда.
ТАЭКВОНДО
Таэквондодан Қазақстан командасы кадеттер арасындағы Азия чемпионатын 15 медальмен аяқтады. Біріншіліктің екінші күні біздің сегіз спортшымыз жүлдегерлер тізіміне енді: бір "алтын", үш "күміс" және төрт "қола". Хошиминде өткен Азия чемпионаты қорытындысы бойынша Мырзағали Сұранов шәкірттері 15 медальға ие болды, 4 алтын, 6 күміс және 5 қола. Екінші күннің жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің тізімі: І орын – Медет Елемесов 53 келі, ІІ орын – Айым Серікбай 33 келі, ІІ орын – Ақбота Желеу 41 келі, ІІ орын – Бекет Болатұлы 45 келі, ІІІ орын – Торғын Әлімхан 47 келі, ІІІ орын – Ольга Власюк 59 келіден жоғары, ІІІ орын – Артур Пак 61 келі, ІІІ орын – Әміржан Иманбаев 65 келіден жоғары салмақта.
КӨРКЕМ ГИМНАСТИКА
Көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасы Румынияның Клуж-Напока қаласында өтетін шақыру кубогында бақ сынайды. Халықаралық турнир бүгін, яғни тамыз айының 26-сы басталып, 29-на дейін жалғасады. Жекелей сында ел намысын Эльжана Таниева мен Сабина Бакатова қорғайды. Сондай-ақ, команда топтық жаттығуларда жүлдеге талас жүргізетін болады.
ГРЕК-РИМ КҮРЕСІ
Софияда (Болгария) грек-рим күресінен U20 әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Аталмыш додада Қазақстан командасы үш жүлдеге қол жеткізді. Құрама сапында 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Юсуф Мациев күміс жүлдені иеленді. Ал Дінмұхамед Қошқар (67 келіге дейін) мен Мақсат Сайлау (87 келіге дейін) әлем біріншілігін үшінші орында аяқтады. Командалық есепте қазақстандық ұжым алтыншы орынға тұрақтады. Көш басында Иран, екінші орын Әзірбайжанда, Украина үшінші орынды қорытындылап тұр.