Асхат Сейсембек: «Ұлы дала жорығында» қайта түлеу рухы жатыр»
Теңдесі жоқ «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесінің басталуына санаулы күндер қалды. «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» корпоративтік қорының Бас директоры Асхат Сейсембек қазақ ат спортын жаңаша деңгейге шығаруға негіз болып отырған бәйгенің ешкімді қайталамайтын бірегейлігімен құнды деген пікір айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Айта кетелік, 17-29 қыркүйекте «Ұлы Дала Жорығы» атты республикалық марафон-бәйгесі өткізіледі.
Марафоншылар 18 қыркүйекте Тәуелсіз Қазақстанның жас астанасы – Нұр-Сұлтан қаласынан аттанып, 29 қыркүйекте рухани астана – Түркістан қаласына ат басын тіреуі тиіс.
Әлемдік және отандық ат спортында мұндай ауқымдағы және өзгеше форматтағы жарыстың аналогы болған емес.
Осы орайда, Спортты қолдау қорының Бас директоры Асхат Рашидұлы Halyq Uni тілшісіне аталмыш жоба туралы өз пікірін білдірді:
«Біз алдағы уақытта да еліміздің ұлттық спортын насихаттауға, қазақтың төл спортын дамытуға қатысты жобаларды барынша қолдайтын боламыз. «The Great Steppe tour» бабалар ізімен жобасының әлемде баламасы жоқ. Қазақстанның ешкімді қайталамайтын эксклюзивті мәдени коды ежелгі көшпенділер өркениетінде жатыр. Осыны жас ұрпақ санасында сақтап, жадында жаттауы тиіс».