Президент ел спортын дамыту бойынша тапсырма берді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөз сөйлеп, бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттауға тоқталып, бірқатар маңызды тапсырмалар берді.

«Қазір саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту айрықша маңызды. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет. Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Мен бұл мәселе жөнінде Жолдауымда айттым. Мемлекет спорт инфрақұрылымын жетілдіруге көп көңіл бөледі. Елімізде 43 мыңнан астам спорт ғимараты бар. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерде орналасқан. Бірақ қарапайым және қолжетімді нысандар әлі де аз. Спорт ғимараттарының басым бөлігі мемлекет меншігінде. Оларды күтіп ұстауға бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді.

Спорт саласын өркендетуге жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, меценаттардың және жарнама берушілердің әлеуетін пайдалану қажет. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілін кеңінен қолдану керек. Бұқаралық спортты дамытуға тұрғындардың ынта білдіріп, белсенді атсалысуы маңызды. Мемлекет бұған барлық жағдайды жасауға тиіс.Бұқаралық спортты дамытуға өз қаражатын салатын кәсіпкерлер мен басқа да азаматтар салауатты өмір салтын насихаттауға көмектеседі, олар алдағы уақытта ең жоғары мемлекеттік наградаларға ие болады.

Жалпы, бұл саладағы жұмыста көзбояушылық пен әміршілдік-әкімшілдік тәсілден бас тарту қажет. Үкімет пен әкімдіктер тиісті бағдарлама әзірлеп, шешім қабылдаған кезде осының бәрін ескеруге тиіс", - деді Мемлекет басшысы ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымында сөйлеген сөзінде.

title