Демалыс күндердегі айтулы жаңалықтар

Футбол

Қазақстан Ұлттық құрамасы ЕУРО-2024 іріктеу кезеңі аясында «Астана Арена» стадионында Дания құрамасымен кездесіп, тарихи жеңіске қол жеткізді. Бірінші тайм қонақтардың пайдасына 0:2 есебімен аяқталғанымен, құрама жігіттері екінші таймда 3 гол соғып, сенсация жасады. Алдымен Бактиер Зайнутдинов 11 метрлік айып добынан есеп ашса, артынша Асхат Тағыберген құрама сапындағы алғашқы голын соқты. Ал кездесу нүктесін Абат Айымбетов қойды.

Бокс

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Үндістан астанасы Делиде өткен әлем чемпионатын аяқтады. Жарыс қорытындысы бойынша біздің спортшылар барлығы 6 – 2 күміс пен 4 қола жүлдеге қол жеткізді. Осылайша, бас бапкер Шәміл Сафиуллин шәкірттері шет елдегі жарыстарда медаль саны жағынан үздік нәтиже көрсетті. Сондай-ақ жүлде саны жағынан жалпы есепте Қытайдан кейін 2-орынға ие болды.

Дзюдо

Грузия астанасы Тбилисиде өткен Үлкен Дулыға бəсекесінде отандық спортшылар 1 күміс, 2 қола жүлдеге ие болып, 61 ел өкілдері бақ сынаған жарыста командалық есепте 14-ші орынға тұрақтады. Құрама сапында Абылайхан Жұбаназар (81 кг) күміс жүлдеге ие болса, Абиба Абужақынова (48 кг) мен Мағжан Шамшадин (60 кг) қола медаль иегерлері атанды.

Үстел теннисі

Қарағанды қаласындағы Saryarka орталығында үстел теннисінен VI жазғы Қазақстан Спартакиадасының жеңімпаздары анықталды. Ерлер арасында жекелей финалда Кирилл Герасименко Алан Құрманғалиевті 4-1 есебімен жеңді. Ал әйелдер арасында Зәуреш Акашева (Қарағанды облысы) топ жарды. Ол финалда тағы бір Ұлттық құрама өкілі Сарвиноз Миркадироваға (Шымкент) еш мүмкіндік бермеді (4-1). Аралас жұптық сында Зәуреш Акашева мен Владислав Захаров дуэті Кирилл Герасименко мен Анастасия Ловроваға төтеп бере алмады (0-3). Жалпы есепте Қарағанды облысы чемпион атанса, Астана қаласы 2-ші, Шымкент қаласы 3-орынға тұрақтады.

 

title