Жас таэквондистер спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді
Елордадағы «Аспан» спорт кешенінде жастар мен жасөспірімдер арасында GTF-таеквон-додан Қазақстан Республикасы Кубогының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Sport Qory бас директоры Асхат Сейсембек, Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы төрағасының орынбасары Еркеғали Корбозов, Қазақстанның жекпе-жек өнері қауымдастығының вице-президенті Сәрсен Құранбек қатысты.
Sport Qory қолдауымен 250 жаттығу жабдықтары жас спортшыларға берілді. Салтанатты рәсім аясында Асхат Сейсембек Астана, Шымкент, сондай-ақ, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының таеквондистеріне спорттық құрал-жабдықтарды арнайы табыс етті.
Кубоктың бірінші күнінде 12-14 жас және 15-17 жас аралығындағы «Хьенги» бағдарламасы бойынша GTF-таеквондодан Қазақстан ұлттық құрамасына іріктеу жарыстары өтті. Турнирге «Хьенги» және «Массоги» пәндері бойынша 400 спортшы қатысады.