Тоғызқұмалақ федерациясының Кубогы өз мәресіне жетті

Тараз қаласында тоғызқұмалақтың дамуына зор үлес қосқан ардагерлер — Әбілда Ақшораев пен Серікбай Тлеубаевты еске алуға арналған Тоғызқұмалақ федерациясының Кубогы өз мәресіне жетті.

Жарыс қорытындысы бойынша, жасөспірімдер арасындағы командалық сайыста Жамбыл облысы құрамасы бірінші орынды иеленсе, Алматы облысы екінші орынға табан тіреп, үздік үштікті Қордай ауданы командасы иеленді.

Ал жастар арасындағы бәсекеде Жамбыл облысы құрамасы топ жарып, Қызылорда облысы екінші, «Әулие-Ата» кәсіби спорт клубы үшінші орын иеленді.

Ересектер арасындағы сайыста Бексұлтан Бостандықов (Қызылорда) алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ, ардагер (ерлер) арасында Сейтқазы Ордабаев (Алматы облысы) үздік атанса, ардагер (әйелдер) арасында Айнұр Жақапбаева (Алматы облысы) қарсылас шақ келтірген жоқ.

Айта кетейік, аталмыш турнирде Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының арнайы гранты сарапқа салынды. Жарыс нәтижесі бойынша, тоғызқұмалақтан спорт шебері Боранбай Ернұрсұлтан (Астана қаласы) үздік ойын көрсетіп, академияның «Тоғызқұмалақ» мамандығы бойынша алғашқы грант иегері атанды.