Ташкентте бокстан Әлем чемпионаты басталды
Кеше, яғни 1 мамыр күні Өзбекстан астанасы Ташкентте бокстан Әлем чемпионаты жалауын көтерді. Алғашқы жарыс күнінде Талғат Сырымбетов 60 келіде тайландтық Сакда Руамтхаммен жолығып, үш раундта да басымдық танытып төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Ал 92 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға шыққан Айбек Оралбай Болгария боксшысы Радослав Панталеевті еш қиындықсыз жеңді.
Бүгін екінші жарыс күнінде екі қазақ боксшысы Ташкент рингіне көтеріледі.
13:00-де басталатын сессияда 86 келіде өнер көрсететін Сағындық Тоғамбай ел намысын қорғап, конголық Мбели Нландумен жұдырықтасады.
Ал 63,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынайтын Санатәлі Төлтаев израильдік Ахмад Штивимен шеберлік байқасады. Ол кешкі, яғни 18:00-де басталатын сессияда өнер көрсетеді.
Екі боксшымыздың жекпе-жегін «Qazsport» телеарнасының тікелей эфирінен көруге болады.
Айта кетейік, әлем чемпионаты 1-14 мамыр аралығында өтеді. Ұйымдастырушылар біріншілікке 104 елден 600-ден аса былғары қолғап шебері қатысып жатқанын мәлімдеді. Аталған чемпионатта жеңімпаз атанған спортшыға ІВА 200 мың доллар көлемінде ақшалай сыйақыны табыстайды. Ал ҚР бокс федерациясының президенті чемпион атанған атлетке өз қаржысынан 100 мың доллар сыйақыны уәде етіп отыр.