Қамқоршылық кеңесінің отырысы өтті
29 қарашада Ералы Тугжановтың төрағалығымен бейнеконференция байланысы режимінде спортты қолдау қорының Қамқоршылық кеңесінің отырысы өтті.
Басты күн тәртібінің бірі 2022 жылы өтетін қысқы Олимпиада ойындарына спортшыларды даярлау аясындағы жобаларды бекіту болды.
Отырыс барысында Бекболат Тлеуханның бастамасы бойынша алғашқы ұлттық ат спорт кешенін салу мәселесі қозғалды.
Сондай-ақ, кеңесте «Астана» футбол клубының аралық кредиторлық қарызын төмендету бойынша оң нәтижелер айтылды.
Отырысқа «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының төрағасы және Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Абдығалиұлы қатысты. Ол мемлекеттік тілді спорттық қызметке енгізу бойынша ұсыныстарын айтты.
Сонымен қатар, 2022 жылы Sport Qory балалар мен жасөспірімдер спортын дамытумен айналысады және алматылық «Қайрат» футзал клубына қайырымдылық көмек көрсетеді.
Қор Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт саласындағы бюджеттен тыс қаражатты бөлудің бірыңғай операторы ретінде Қамқоршылық кеңес бекіткен жобалардың табысты іске асырылуын, сондай-ақ бөлінетін демеушілік көмектің тиімді және мақсатты жұмсалуын қадағалайтын болады.