VI жағажайдағы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтті
Қытайдың Санья қаласында 2026 жылғы VI жағажайдағы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтті. Ауқымды спорттық дода Азия Олимпиадалық кеңесінің күнтізбесіне 10 жыл үзілістен кейін қайта енгізілді.
Салтанатты рәсім Tianya Haijiao жағалау аймағында ұйымдастырылып, дәстүрлі стадион форматына балама ретінде теңіз жағасында өтті. Көрермендер сахнаға жақын орналастырылып, ерекше формат ұсынылды.
Спортшылар шеруінде Қазақстан құрамасының туын су добын құрамасының ойыншысы Мұрат Шәкенов пен акватлоншы Диана Ержанова ұстап шықты.
Бұл додада ел құрамасы тоғыз спорт түрі бойынша бақ сынайды. Жағажай Азия ойындары 22-30 сәуір аралығында өтеді.
Фото: Никита Басов

