Бокстан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында 7 алтын иеленді
Бокстан Ливерпульде (Ұлыбритания) өткен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Қазақстан ерлер мен әйелдер құрамасы 7 алтын, 1 күміс және екі қола медаль иеленіп, жалпыкомамандалық есепте бірінші орынды иеленді. Екінші орында Өзбекстан (6 алтын, 2 күміс, 3қола) құрамасы иеленсе, үздік үштікті Үндістан (2 алтын, 1 күміс, 1 қола) түйіндеді.
Қазақстан құрамасы сапында Санжар Тәшкенбай (50 келіге дейін), Алуа Балқыбекова (51 келіге дейін), Махмұд Сабырхан (55 келіге дейін), Аида Әбікеева (65 келіге дейін), Наталья Богданова (70 келіге дейін), Төрехан Сабырхан (70 келіге дейін) және Айбек Оралбай (+90 келі) алтыннан алқа тақса, Назым Қызайбай (48 келіге дейін) күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ, Виктория Графеева (60 келіге дейін) мен Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары) қола жүлде еншіледі.

