Билли Джин Кинг кубогы матчына қатысатын Қазақстан құрамасы жарияланды

Қазақстан әйелдер құрамасы 12-13 сәуірде Токиода Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу сатысында Жапония командасымен ойнайды.

Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, аталған матчқа қатысатын құрам жарияланды.

Юрий Щукин бастаған бапкерлер құрамының таңдауы мына ойыншыларға түсті: Юлия Путинцева, Зарина Диас, Анна Данилина, Жібек Құламбаева және Аружан Сағындықова.

Зарина көптен бері теннис додаларына қатыспағаны белгілі. Жапониямен бәсеке Ariake Coliseum аренасының хард төсенішіндегі кортында өтеді. Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу матчы төрт жекелей және бір жұптық кездесуден тұрады, үш сеттік форматта болады.

Токиода Қазақстанның көшбасшы ойыншысы Елена Рыбакина өнер көрсетпейді. Биыл жазда Парижде олимпиада ойындары өтеді. Құраманың бапкерлік штабы Еленаның төрт жылдағы ең басты жарысқа мұқият дайындалып, нағыз бабында баруы үшін Жапониямен матчқа шақырмауды құп көрді. Елена үшін олимпиада ойындарында бақ сынау аса маңызды болмақ.