Демалыс күндердегі айтулы жаңалықтар
Мәнерлеп сырғанау
Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшысы Михаил Шайдоров Сеулде (Оңтүстік Корея) өтіп жатқан төрт құрлық чемпионатында жеңімпаз атанды. Шайдоров еркін бағдарламада төрешілердің шешімімен 190.37 ұпай жинап, жалпы есепте 285.10 ұпайға қол жеткізіп, алтыннан алқа тақты.
Садақ ату
Садақ атудан Қазақстан құрамасы спортшылары Бангкокта (Таиланд) өткен Азия кубогы кезеңінде үш медаль жеңіп алды. Біздің мергендер үш рет күміс жүлдеге ие болып, жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілді. Барлық үш медальді блокты садақ ату жарысында жеңіп алды. Жекелей сында Роксана Юнусова екінші орынға ие болса, әйелдер командалық сайысында Виктория Лян, Роксана Юнусова және Аружан Жексенбинова күміс жүлдегер атанды. Андрей Тютюн мен Виктория Лян аралас жұпта екінші нәтижені көрсетті.
Конькимен жүгіру
Конькимен жүгіруден Қазақстан құрамасының спортшысы Евгений Кошкин Польшаның Томашув-Мазовецк қаласында өткен Әлем кубогы кезеңінде алтын медаль жеңіп алды. Спортшы 500 метр қашықтықта жоғары нәтиже көрсетті. Оның мәреге жеткен уақыты – 34,52 секунд. Сондай-ақ, Конькимен жүгіруден Қазақстан әйелдер құрамасы Надежда Морозова, Кристина Силаева және Дарья Важенина Әлем кубогының жалпы есебінде үшінші орын иеленді.
Спорттық гимнастика
Спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының спортшысы Милад Карими Германияның Котбус қаласында өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінде алтын медаль жеңіп алды. Қазақстандық спортшы еркін жаттығуда үздік атанды. Финалда Карими 14,133 ұпай жинап, жалпы есепте бірінші орынға ие болды. Екінші орын жапондық Кацуки Минамиге бұйырды – 13,666 ұпай. Ал үздік үштікті 13,533 ұпаймен италиялық Никколо Вануччи түйіндеді.
Батудтағы гимнастика
Батуттағы гимнастикадан Қазақстан құрамасы жаңа маусымдағы алғашқы халықаралық турнирде күміс медаль жеңіп алды. Отандастарымыз Әзірбайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан әлем кубогы кезеңінде екінші орынға ие болды. Данил Мұсабаев пен Никита Тумаков синхронды секіруде күміс медаль еншіледі. Отандастарымыз бұл турнирде тек Жапонияға жол берді. Үздік үштікті Мексика құрамасы түйіндеді.
Велосипед спорты
Тректегі велоспорттан Қазақстан ерлер құрамасы Малайзияның Нилай қаласында өткен Азия чемпионатында қола медаль иеленді. Илья Карабутов, Максим Хорошавин, Дмитрий Носков және Әлішер Жұмақан командалық жарыста үшінші орынға табан тіреді. Алтын жүлдені Оңтүстік Корея иеленсе, ал Жапония күміс медаль еншіледі.