ДЕМАЛЫС КҮНДЕРДЕГІ АЙТУЛЫ ЖАҢАЛЫҚТАР
Жеңіл атлетика
Астана қаласындағы Mega Silk Way сауда ойын-сауық орталығында елордада тұңғыш рет өтетін жеңіл атлетикадан Х Азия чемпионаты қарсаңында, Ұлттық құрама спортшыларының қатысуымен автограф-сессия өтті. Іс-шара шеңберінде спортшылар көрермендердің көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, спорт жанкүйерлеріне қолтаңба таратты. Сонымен қатар балалар арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылып, үздік шыққандар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Конькимен жүгіру
Германияның Инцель қаласында конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы Әлем Кубогінің финалы өтіп, жарыстың соңғы күнінде ерлер арасында 1500 метр қашықтықта (1:48:15) бақ сынаған Нұралы Ақжол күміс жүлдегер атанып, үш кезең қорытындысы бойыншы екінші орынды иеленді. Қазақстан қоржынына кезекті медальді дәл осы бағдарламада қыздар арасында сынға түскен Арина Ильяшенко салды. Ол бұл қашықтықты 2:03:70 секунда бағындырып, қола жүлдегер атанды.
Велоспорт
Түркияда велоспорттан Grand Prix Apollon Temple халықаралық жарысы жалғасуда. Бүгін жарыс жолына шыққан шабандоздар 114,6 шақырым қашықтықта өз бақтарын сынады. Нәтижесінде, отандық спортшылар арасында ең жоғарғы нәтиже көрсеткен Фаина Потапова мәре сызығын үшінші болып кесіп, қола жүлдегер атанды.
Дзюдо
Парижде өтіп жатқан Grand Slam турнирінде Қазақстан құрамасы екі қола жүлдеге қол жеткізді. Әйелдер арасындағы 48 келіге дейінгі салмақта сайысқа түскен Әбиба Абужақынова қола жүлдегер атанса, ерлер арасында Данияр Шамшаев (73 кг) үшінші орын үшін өткен белдесуде канадалық Артур Маргедилоннан басым түсіп, қола медальді иеленді.