SportQory нұсқасы бойынша Барыстың қазан айындағы ойын қорытындысы
ҚХЛ-дың 2026/27 жылғы маусымындағы тұрақты чемпионаттың екінші айында «Барыстың» ойын қорытындысын шығарамыз.
Қазан айында «Барыс» 11 матч өткізді, оның 8-і сырт айдында өтті. Осы кезеңде астаналық команданың еншісінде 7 жеңіс пен 15 ұпай бар. Жалпы Қазақстан командасының қоржынында 25 ұпай жинақталған. Осы нәтиженің арқасында Михаил Кравец ойыншылары материал жарияланған сәтте Шығыс конференциясында екінші орында тұр.
Жалпы, астаналық команданың еншісінде 71 соғылған шайба бар (әр ойында орта есеппен 3,38 гол). Бұл көрсеткіш бойынша «Барыс» тұрақты чемпионаттың аралық көшбасшысы «Металлургтен» (76) ғана қалып келеді. Айта кетейік, магнитогорлық команда екі матч артық өткізген. Өткен кезеңдегі «Барыстың» ең ірі жеңісі 10 қазанда тіркелді. Өз алаңында өткен матчта астаналықтар «Авангардты» 5:1 есебімен ұтты.
«Барыстың» еншісінде 57 жіберілген шайба бар (әр матчта орта есеппен 2,71). Бұл көрсеткіш бойынша команда конференцияда сегізінші орында тұр. Ең ірі жеңіліс 19 қазанда Хабаровскіде тіркелді. Ол кездесуде «Амур» командасы 5:2 есебімен жеңіске жетті.
Қазіргі уақытта Кравец ойыншылары 69 мүмкіндіктің
13-ін (18,8%) сәтті пайдаланды. Бұл көрсеткіш бойынша Лигада 15-орында. Ал кем құрамда қарсыластардың 64 мүмкіндігінде 13 шайба жіберіп алды. Сандық басымдықты залалсыздандыру көрсеткіші - 79,7%. Бұл чемпионаттағы 12-нәтиже.
Команданың ең нәтижелі ойыншысы Джастин Бэйли (12+10) қазіргі уақытта Лиганың үздік сұрмергені әрі бомбардирі. Бір қызығы, чемпионаттың үздік гол соғушылары тізімінде екінші орынға Тайс Томпсон (11) көтерілді. Ол өткен турда осы маусымдағы команданың алғашқы хет-тригін тіркеді. Сонымен қатар Бэйли «Барыстың» күш қолдану тәсілдері бойынша көшбасшысы (26).
Чейз Приски қазан айында 7 матчта ұпай жинап, жалпы 4 гол мен 12 нәтижелі пас авторы атанды. Қараша айындағы ойындар қарсаңында ол чемпионаттың ең нәтижелі үш қорғаушысының қатарына кіреді.
Андрей Шутов мансабында алғаш рет ҚХЛ-дың ай қорытындысы бойынша үздік қақпашы атанды. Ол 7 матчта 5 жеңіске жетіп, сенімділік коэффициентін 1,7 деңгейінде көрсетті. «Сібір» (1:0) және минскілік «Динамоға» (1:0) қарсы кездесулерде қақпашы қақпасын голдан аман сақтады. Айта кетейік, Шутов желтоқсан 2018 жылы Хенрик Карлссоннан кейін ай қорытындысы бойынша үздік деп танылған «Барыстың» екінші қақпашысы атанды. Қазіргі уақытта Андрей қайтарылған соққылар пайызы бойынша Лига көшбасшысы (94,4%).
«Барыстың» үш ойыншысы ҚХЛ-дың пайдалық көрсеткіші рейтингінде айды жоғары орындарда аяқтады. Семен Симонов (+14) бұл тізімде көш бастап тұр. Ал Логан Дэй мен Джейк Масси +13 көрсеткішіне ие болды.
Сонымен қатар Масси астаналық команда сапында жеңіс шайбаларының саны бойынша көшбасшы (3). Ал Дэй бұғатталған соққылар саны бойынша командада бірінші орында (64 - Лигадағы екінші нәтиже). Сондай-ақ ол мұз айдынында өткізген орташа уақыты бойынша да көш бастап тұр (22:36).
Қазақстандық жас шабуылшы Асанәлі Сәркенов «Шанхай Дрэгонсқа» қарсы матчта Континенталдық хоккей лигасындағы алғашқы шайбасын соқты. Бір қызығы, бұл гол бірден командаға жеңіс сыйлады.
Қазан айында «Барыстың» өз алаңында өткен үш кездесуін 31 810 көрермен тамашалады (әр ойынға орта есеппен 10 603 жанкүйерден). 10 қазандағы «Барыс» - «Авангард» матчында аншлаг тіркелді.

