Демалыс күндердегі отандық спорттағы тарихи нәтижелер

Мәнерлеп сырғанау

Эстонияның Таллин қаласында мәнерлеп сырғанаудан жастар арасындағы әлем чемпионатында отандасымыз Михаил Шайдоров күміс жүлдеге ие болды.  Айта кетейік, бұл мәнерлеп сырғанау бойынша қазақстандық спортшылар үшін тарихи нәтиже. Осыған дейін мәнерлеп сырғанаудан жастар арасындағы әлем чемпионатынан ешкім жүлде алмаған.

Теннис

Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы тарихта алғаш рет Билли Джин Кинг Кубогының финалдық кезеңіне шықты. Қазақстан мен Германияның бірінші ракеткалары ойнаған үшінші матчта Елена Рыбакина (#19) Анжелика Керберді (#17) 4:6, 6:3, 7:5 есебімен жеңді. Осы жеңістің арқасында Қазақстан жалпы есепте 3:0 есебімен алға шықты. Бірінші күні Юлия Путинцева (#52) Керберден басым түссе (3:6, 6:3, 6:2), ал Рыбакина Лаура Зигемундты(#232) 6:0, 6:1 есебімен жеңген болатын. Енді отандық теннисшілер әлемнің 12 үздік құрамасының қатарында ойнайды. Ал бұл кезеңнің ойындары 8-13 қарашада өтеді.

Семсерлесу

Франция астанасы Парижде өтіп жатқан Challenge Monal 2022 жарысында отандасымыз Руслан Құрбанов семсерлесуден әлем кубогының күміс жүлдесін еншіледі. Құрбанов жартылай финалда Француз Александр Бардты 15:13 есебімен жеңді. Финалда біздің спортшымызға тағы да Франция өкілі қарсылас атанды. Нельсон Лопес кездесу барысында отандасымызға көп мүмкіндік берген жоқ. Қорытынды есеп 15:11 Нельсонның пайдасына. Осылайша, Құрбанов "күміс" жүлдені қанағат тұтты.

title