Индия астанасында қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтті

Үндістанның Дели қаласында қазақ күресінен ересектер арасында Әлем чемпионаты өтті. Әлемнің 20 елінен келген спортшылар сынға түскен бұл чемпионатта ел құрамасы 11 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп, жалпыкомандалық бірінші орынға ие болды.

Sport Qory қолдауымен өткен чемпионаттың бірінші күні Бекжан Төлепов (55 кг.), Мейіржан Берекетов (60 кг.), Нұр Аманшүкіров (66 кг.), Жұмажан Қожамбеков (74 кг.), Айжан Жылқыбаева (48 кг.) және Рауза Нұрмахаметова (56 кг.) жеңістің биік тұғырынан көріне білді. Ал Аружан Адасхан (52 кг.) мен Гүлім Елубай (60 кг) үздік үштікті түйіндеді.

 Екінші жарыс күні қазақстандық балуандар қоржынға 5 алтын және 1 күміс және 1 қола медаль салды. Атап айтқанда, Ерсін Сейітқазынов (82 кг.),

Айдос Ғалымов (90 кг.), Ерсұлтан Мұзаппаров (100 кг.), Зарина Сарипова (65 кг.) және Альбина Бахиева (+77 кг.) алтыннан алқа тағынды. Ал Нұрдәулет Жарылғапов (+100 кг.) күміс медальді місе тұтса, Роза Нысантайқызының (70 кг.) еншісінде қола медаль.

 Бір атап өтерлігі, бұл жолғы Әлем чемпионатына жоғары дайындықпен келген шетелдік спортшылардың бағы жанғанын атап өткен жөн. Мысалы, +100 кг салмақ дәрежесінде белдескен өзбекстандық балуан Муксин Хисомиддинов қазақстандық қарсыласы Нұрдәулет Жарылғаповты алтын медальға қол созым жерде қапы қалдырды. Ал 52 кг салмақ дәрежесінде финалға шыққан тағы бір өзбекстандық бұрымды балуан Ситора Елмурадова үндістандық қарсыласы Мускан Мусканнан басым түсті.

 Халықаралық жарыс барысында бұрымдылар арасындағы белдесулер де тартысты өтті. Әсіресе, 60 кг салмақ дәрежесінде Үндістанның намысын қорғаған Анну Анну өзбекстандық қарсыласы Хуршида Түхлиевадан айласын асырып, отандастыраның қоржысына алтын медаль салды. Өз кезегінде 70 кг салмақта Нидерландыдан келген Сем Ван Дунге, ал 77 кг салмақта грузиялық Нино Одзелашвилиге тең келер ешкім болмады.

title