Демалыс күндердегі айтулы жаңалықтар
ШОРТ-ТРЕК
Шорт-тректен Астанада өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогының кезеңінде Қазақстан құрамасы бірінші орын иеленді. Отандық спортшылар аралас командалық эстафетада жеңіске жетті. Жарыс қорытындысы бойынша Оңтүстік Корея екінші орынға табан тіресе, үздік үштікті Қытай құрамасы түйіндеді. Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогының екінші кезеңі Астанада «Алау» мұз сарайында өткен болатын.
СУРДЛИМПИАДА
Токиода өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында Қазақстанның дзюдодан ұлттық құрама командасы алғашқы жарыс күнін тамаша бастап, екі алтын және екі қола медальға қол жеткізді. 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Хамзе Ғұлама финалдық белдесуде алжирлік спортшы Бухидель Абдеррахманды иппонмен таза жеңіп, Сурдлимпиада чемпионы атанса, 73 келіге дейінгі салмақта Шадияр Қуандық финалда кореялық дзюдошы Хванг Хёнды иппонмен жеңіп, ел қоржынына екінші алтынды салды. Сондай-ақ, 48 келіде бақ сынаған Айым Жетпісбаева мен 60 келіде Алтынбек Кәкітаев қола жүлдегер атанды.
Токиода өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында Қазақстандық Фаина Мейрманова биіктікке секіруден 1.79 м нәтижесін көрсетіп, Сурдлимпиада ойындарының рекордын жаңартып, чемпион атанды. Ал күміс жүлдені 1.76 м нәтижесімен бейтарап ел спортшысы Суравец Анна иеленсе, қола жүлдені 1.67 м нәтижесімен словакиялық Глонарик Лейа еншіледі.
АСЫҚ АТУ
Түркістан қаласында Асық ату спортынан Азия чемпионаты аяқталды. Екінші мәрте жалауын желбіреткен байрақты бәсекеге сары құрлықтың 10 елінен (Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Пәкістан, Саха республикасы, Түркия, Түркіменстан, Үндістан) келген мергендер қатысып, өз бақтарын сынады. Тартысты өткен додада Асық ату мен бес асықтан Қазақстан ұлттық құрамасы Азия чемпионы атанса, екінші-үшінші орындарды Саха республикасы мен Моңғолия спортшылары өзара бөлісті.
СЕМСЕРЛЕСУ
Семсерлесуден Ташкентте жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогы аяқталып, Қазақстан құрамасы бірден екі санатта тұғырдың екінші сатысына көтерілді. Әйелдер арасындағы турнирде Жәнібек Қайшы, Сайдуллаева Наргиз, Серікбай Адема және Рсалина Адили бастаған құрама спортшылары турнирді сенімді өткізіп, күміс жүлдеге қол жеткізді. Ерлер арасындағы командалық сайыста Жайлыбай Нұрмұхаммед, Станбек Сұлтан, Шерім Қанағат және Қараман Ержан бастаған жігіттер де күміс жүлдені қанағат тұтты. Сондай-ақ, Ташкентте кадеттер арасындағы Әлем Кубогында Қайым Айбар жекелей сында чемпион атанса, Коста-Рикада (Сан-Хосе) өткен семсерлесуден жасөспірімдер арасындағы Әлем Кубогында Нұржан Әбжанов тұғырдың үшінші сатысына көтерілді.








