Демалыс күндердегі басты жаңалықтар

«Астана» ФК

«Астана» футбол клубы OlimpBet футболдан Қазақстан чемпионатының 10-шы туры аясында өз алаңында петропавлдық «Қызылжар» командасына қарсы ойнап, тартысқа толы кездесуде 3:2 есебімен жеңіске жетті. Ойында елорда командасы сапынан Вараздат Ароян есеп ашса, артынша Абат Айымбетов есепті еселеді. Кездесу тағдырын ойын соңында қосалқы құрамнан алаңға шыққан Эльхан Астановтың голы шешті.

Теннис

Теннистен еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина тағы бір турнирде топ жарды. Бұл жолы отандасымыз Римдегі WTA 1000 жарысында үздік шықты. Елена финалда әлемнің 47-ракеткасы, украиналық Ангелина Калининамен кездесті. Бір сағатқа жуық уақытқа созылған алғашқы сетте 6:4 қазақстандық теннисші жеңіске жетті. Екінші партия басында украиналық теннисші бәсекені жалғастырудан бас тартты. Осылайша, қазақ теннисшісі Римдегі турнирдің жеңімпазы атанды. Айта кетейік, бүгін жаңартылатын әлемдік рейтингте Рыбакина ресми 4-орынға көтеріледі.

Семсерлесу

Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Түркияның Стамбұл қаласында өткен Əлем кубогынында жеңімпазы атанды. Қазақстан құрамасы шешуші жарыс күні командалық сайыста қарсылас шақ келтірмей, сенсация жасады. Жерлестеріміз алтын медаль үшін тартыста Нидерланд құрамасынан басым түсті. Есеп: 34-20. Руслан Курбанов, Эльмир Əлімжанов, Вадим Шарлаимов және Ерлік Сертайдан құралған Ұлттық құрама мүшелері осылайша тарихи жеңіске қол жеткізді. Айта кетейік, жалпы бұл кезеңде 45 елден 350-ге тарта семсерлесуші бақ сынаған болатын.

Стенд ату

Алматы облысында стенд атудан Әлем Кубогы басталды. Жарыс Іле ауданындағы Александр Асанов атындағы ату клубында өтеді. Бұл додада әлемнің 42 елінен 300-ден астам спортшы өз бақтарын сынайтын болады. Қатысушылардың осы жарыста спорттық рейтингтерін ISSF кестесі бойынша көтеруге және ендігі жылы Францияда өтетін XXXIII Жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алуға мүмкіндіктері бар. Айта кетейік, жарыс  20-29 мамыр аралығанда жалғасатын болады.

Бокс

Петропавл қаласында өткен əйелдер арасындағы бокстан VI жазғы Қазақстан Спартакиадасының барлық жеңімпазы анықталды. Төрт жылда бір рет өтетін жарыстың мақсаты Олимпиадаға қажет ұпайлар сарапқа салынатын Қытайдың Ханчжоу қаласындағы жазғы Азия ойындарына қатысатын боксшыларды анықтау болатын. Жалпы жүлде жолында 19 өңірден келген 90-нан астам спортшы сынға түсті. Барлық жеңімпаз мынадай:
48 кг: Алуа Балқыбекова (Алматы қ)
50 кг: Назым Қызайбай (Алматы қ)
52 кг: Жазира Орақбаева (Алматы қ)
54 кг: Жайна Шекербекова (Шымкент қ)
57 кг: Карина Ибрагимова (Ақмола обл)
60 кг: Римма Волосенко (Астана қ)
63,5 кг: Аида Əбікеева (Астана қ)
66 кг: Наталья Богданова (Петропавл қ)
70 кг: Мадина Нұршаева (Шымкент қ)
75 кг: Валентина Хальзова (Астана қ)
81 кг: Гүлсая Ержан (Қызылорда обл)
+81 кг: Лəззат Күнгейбаева (Астана қ)
Жалпы есепте Астана қаласының командасы 4 алтын, 1 қола медальмен 1-орын алды. Ал 2-орынға 8 жүлдеге (3 алтын, 2 күміс, 3 қола) ие болған Алматы қаласы жайғасты. Үздік үштікті Шымкент қаласының боксшылары түйіндеді (2 алтын, 4 күміс). Спартакиаданың үздік боксшысы Карина Ибрагимова (57 кг) атанды.

title