Спортты қолдау қоры «Qazaqstan Live Fest» көрмесіне қатысады

SportQory Қазақстанда алғаш рет, Нұр-Сұлтан қаласында 2022 жылғы 17-19 маусым аралығында Туризм, Спорт және белсенді өмір салты бойынша ұйымдастырылып отырған «Qazaqstan Live Fest 2022» халықаралық көрмесіне қатысады. 

Qazaqstan Live Fest – бұл қазіргі заманғы спорт және туризм индустриясының әлемдік озық тәжірибелерін қолдана отырып, қалыптасқан табиғи климаттық жағдайларды, тарихи жетістіктер мен ұлттық дәстүрлер негізінде Қазақстанда туризм мен спортты жүйелі және кешенді дамытуды насихаттайтын жаңа бірегей жоба.

Көрме аясында еліміздегі спорт және туризм индустриясының өкілдері өздерінің жетістіктерімен бөлісіп, тәжірибе алмасады. Сондай-ақ, білім беруге арналған семинарлар, белсенділік аймағында спорттық және би бағдарламалары жоспарланған.

Мысалы, «Барыс» хоккей клубының аймағында – өзіңізді мұз айдынында атақты шабуылшы ретінде сезінуге болады, «Астана» баскетбол клубының алаңында – үш ұпайлық доп салып бақ сынауға, ал SportQory аумағында ұйымдастырылатын жарыстарда түрлі сыйлықтар ұтып алсаңыздар болады. 

18 маусымда «EXPO» көрме орталығының басты кіреберісі алдындағы алаңда – жүгіру мен лазерлік тапаншадан атуды біріктіретін Laser Run байқауының қалалық туры өтеді.

Ал 19 маусымда ауқымды Nur-Sultan Half Marathon өтеді, ол 4000 жүгірушінің жетістіктері мен жеңістерінің мерекесі болмақ.

Көрменің толық бағдарламасы qazlivefest.kz сайтында жарияланған.