Боксшылар Азия чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді

Тайландта бокстан өтіп жатқан 2023 жылғы Азия чемпионатында (U-22) Қазақстандық боксшы жігіттер ел қоржынына үш алтын жүлде салды.

Алдымен 48 келі салмақта Санжар Ташкенбай финалда Өзбекстан боксшысы Шодиержон Меликузиевті ойсырата жеңсе, Нұрсұлтан Алтынбек (54 келі) финалда филиппиндік Флинт Джараны 5:0 есебімен жеңді, ал Махмұд Сабырған (57 келі) жергілікті боксшы Саравут Суктетпен кездесіп, тартысқа толы кездесуде жеңіске жетті.

Сондай-ақ, Абзал Серік  (67 келі), Сабыржан Аққалықов (71 келі) және Диас Молжігіт (75 келі) Азия чемпионатының күміс жүлдесін  иеленсе, Талғат Сырымбетов (60 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі), Ерхат Бекзат (92 келі) және Аманат Сабырғали (+92 келі) қола жүлдені қанағат тұтты.  

Айта кетейік, осыған дейін қыздарымыз Жасмин Кизатова (70 келіге дейін) мен Ержан Гүлсая (81 келіге дейін) алтыннан алқа тақса, Мөлдір Тойкова (50 кг), Анель Сақыш (54 кг), Виктория Графеева (57 кг), Шахназ Исаева (60 кг), Назерке Серік (63 кг), Ақнар Ищанова (66 кг) және Дана Дидай (75 кг) қола жүлде иеленген болатын.

Жеңімпаз атанған қыз-жігіттерді құттықтаймыз!

title