Барыс туған күнінде жеңілістер сериясын тоқтатты

Желтоқсан айындағы алғашқы өз алаңындағы ойында «Барыс» «Спартакты» қабылдады. Кездесу клубтың 26 жылдық мерейтойын атап өтуге арналды. Астаналықтардың құрамына Әділ Бекетаев пен Эмиль Галимов, сондай-ақ соңғы сыртқы ойынға жарақатына байланысты қатыспаған Адам Шил қайта оралды.

Есепті Ансар Шайхмедденов ашты. Ол Джейк Массидің көк сызықтан лақтырған шайбасын шебер бағыттап, қақпаға жөнелтті. Алайда көп ұзамай «Барыстың» 2-нөмірлі ойыншысы эпизодтың антигеройына айналды – оның клюшкасына тиген шайба үй иелерінің қақпасына кіріп кетті. Гол авторы ретінде Павел Порядин тіркелді. Бес минуттан кейін Данил Пивчулин әдемі әрі нәтижелі соққысымен көзге түсті. Екінші кезең басында артықшылықта ойнап, Лукас Локхарт қонақтардың басымдығын арттырды.

Астаналықтарға тағы да өз мінезін көрсетіп, ойынға қайта оралуға тура келді. Алдымен айып орындығынан жаңа шыққан Райли Уолш Артём Загидулинді білегімен жасаған соққымен қапы қалдырды. Одан кейін Масси де өз қателігін түзеп, қолайсыз жақтан бағыттаған соққымен нысананы дәл көздеді.

Овертаймда шешуші сәт Майкл Веккьоне жойқын соққымен шайбаны тоғыздыққа бағыттап, командаларды киім ауыстыратын бөлмеге жөнелткенде туды. Адам Шил матч барысында 22 соққыны қайтара алды. Ал «Барыс» бас бапкері Михаил Кравец үшін бұл жеңіс Құрлықтық хоккей лигасындағы 200-жеңіс болды.

7 желтоқсан күні қазақстандық команда өз алаңында «Сібір» клубын қабылдайды.

«Барыс» - «Спартак» 4:3 ОТ (1:2, 2:1, 0:0, 1:0)

1:0 – 05:03 – Шайхмедденов (Масси, Данияр)

1:1 – 08:36 – Порядин (Иванов)

1:2 – 13:45 – Пивчулин (Беляев, Бычков)

1:3 – 23:10 – Локхарт (Ружичка, Миронов)

2:3 – 29:53 – Уолш (Данияр)

3:3 – 32:08 – Масси

4:3 – 62:05 – Веккьоне (Морелли, Маккошен)

Қақпашылар: Шил - Загидулин

«Барыс Арена». 7 732 көрермен