«Барыс» Хабаровскіде жеңіске жетті

«Барыс» хоккей клубы сырт алаңда «Амур» Хабаровск командасын 3:0 есебімен жеңді.

Екінші кезеңнің басында астаналықтарды Әлихан Өмірбеков алға шығарды. Ол көпшілік құрамда гол соғып, өткен жылдың 23 қарашасынан бері жалғасқан голсыз сериясын тоқтатты. Кезеңнің соңына қарай Майкл Веккьоне тағы бір артық құрамдағы мүмкіндікті пайдаланып, есепті еселеді.

Үшінші кезеңде «Барыс» ойын тізгінін сақтап, қарсыласына мүмкіндік бермеді. Кездесу соңында Веккьоне бос қақпаны дәл көздеп, ойынның нүктесін қойды. Қақпашы Никита Бояркин 34 соққыны қайтарып, осы маусымдағы алғашқы «құрғақ» матчын өткізді.

Кездесуді «Платинум Арена» мұз сарайында 7 100 жанкүйер тамашалады.