Алматыда Qosanov Memorial халықаралық турнирі өтті

Өткен аптада Qosanov Memorial Continental Tour Bronze Label халықаралық турнирі өтті. Алматыда өткен жарысқа 14 елден 243 спортшы қатысты.

Ғұсман Қосановтың 31-ші мемориалын Азия жеңіл атлетика қауымдастығының бірінші Вице-президенті Сурапонг Ариямонгкол, Олимпиада ойындарының жеңімпазы Ольга Рыпакова, ҚР Жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы Асхат Сейсембеков ресми түрде ашты.

Турнир ресми түрде әйелдер арасында үш рет секіруден басталып, 14,01 нәтижесімен мемориалдың алтын медалін Мария Ефремова жеңіп алды. Тұғырдағы екінші орынға 13,81 нәтижесімен әзірбайжандық Екатерина Сариева көтерілсе, үшінші орынды 13,80 нәтижесімен өзбекстандық Шарифа Давронова иеленді. Келесі алтын жүлдені Ольга Сафронова ұлттық құраманың қоржынына салды. Ол 11,40 нәтижесімен 100 м жүгіруде мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті. Ал Михаил Литвин 46,04 секундта 400 м қашықтыққа жүгіруде мәреге алғаш болып жетті.

Ел қооржынына Кристина Овчинникова тағы бір алтын жүлдені салып, 1,96 нәтижесімен жоғары секіруде үздік атанды. Спортшы сонымен қатар Орегондағы әлем чемпионатына қатысу нормативін орындады.

Жарыстың соңғы күні Алматы аренасында әйелдер арасында балға лақтыру жарысы өтті. Бұл пән бойынша Үндістан өкілі Сарита Ромит Синг 62,48 нәтижесімен жеңіске жетті. Өзбекстандық спортшы Зарина Носиржонова 57,68 екінші, оның отандасы Элина Силямиева 55,39 нәтижесімен үшінші.

Нәтижелердің толық тізімімен qazathletics.kz сайтында таныса аласыздар.

title