Қазақстан әйелдер құрамасы су добынан Азия чемпионатын жеңіп алды
Сингапурда өтіп жатқан су добынан Азия чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы бесінші матчында Таиланд командасымен кездесті.
Қазақстандық қыздар осы құрлықтық біріншілікте екінші рет Тайландты жеңді-13:8 (23 наурызда отандық спортшылар 16:10 есебімен жеңген еді). Қазақстан құрамасы сапында Анастасия Мирошина үздік ойыншы атанды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы қатарынан бесінші рет жеңіске жетіп, Азия чемпионатының алтын жүлдесін мерзімінен бұрын жеңіп алды.
Сингапурдағы жеңістің арқасында ел құрамасы Берлинде өтетін Әлем Кубогының 2-дивизионында ойнау құқығына ие болды.