Астанада Astana 2025 World Boccia Challenger турнир аяқталды
Астанада Astana 2025 World Boccia Challenger боччадан халықаралық турнир аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық параспортшылар үш алтын, екі күміс және бір қола жеңіп алды. Итиана Шыңғысханова (BC2 санаты) финалда Оңтүстік Кореядан келген спортшыны 8:3 есебімен жеңіп, Astana 2025 World Boccia Challenger чемпионы атанды. Балжан Бөлекпаева (BC1 санаты) да алтыннан алқа тақты. Азамат Аязбаев (BC4 санаты), Ерхат Алмат (BC1 санаты) күміс жүлдегер атанса, Эльмира Мусралиева (BC4 санаты) қола медаль иеленді. Жұптық жарыста ВС4 санатында Эльмира Мусралиева мен Азамат Аязбаев Иран елінің өкілдерін жеңіп, бірінші орынды иеленді.







