Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025 турнирі өз мәресіне жетті
Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025 әлемдік рейтингтік турнирі аяқталды. Әлемдік доданы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы тамашалады.
Үш күнге созылған айтулы жарыста Қазақстан құрамасы 3 күміс және 6 қола жүлде еншілеп, жалпы командалық есепте 9-шы орынға тұрақтады. Ел құрамасы сапында: Ғұсман Қырғызбаев – күміс (-66 кг), Ерасыл Қажыбаев – күміс (+100 кг), Талғат Орынбасар – күміс (-60 кг), Мағжан Шамшадин – қола (-60 кг), Аман Бақытжан – қола (-60 кг), Абылайхан Жұбаназар – қола (-81кг), Есет Қуанов – қола (-73 кг), Бақжан Байтас – қола (-100 кг) және Марат Байқамұров – қола (-100 кг) медаль иеленді.
Ал жалпы медаль кестесінде 3 алтын, 2 күміспен IJF құрамасы І орын еншілесе, 3 алтын медальмен Оңтүстік Корея құрамасы - ІІ орынға, ал ІІІ орынға 2 алтын, 4 күміс, 1 қола жүлдемен Жапония жайғасты.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында өткен жарысқа әлемнің 46 елінен 358 спортшы қатысып, 14 салмақ дәрежесінде бақ сынады. Спортшылар үшін бұл жарыс әлем чемпионаты алдындағы соңғы Grand Slam кезеңі екенін айта кеткен жөн.
Естеріңізге сала кетсек, бұл доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, І орын үшін 1000, ІІ орын үшін – 700, ал ІІІ орын үшін – 500 ұпай есептелетін болады.