Демалыс күндердегі айтулы жаңалықтар

ПАРА ДЗЮДО

Пара дзюдодан Германияның Гейдельберг қаласындағы Grand Prix турнирі өз мәресіне жетті. 48 кг (J2) салмақта Ақмарал Науатбек пен +70 келі (J2)  салмақ дәрежесінде Зарина Раифова жеңімпаз атанса, Ерғали Шамей (J1-73 кг), Аяла Мереке (J2 -70 Кг)  және Жұқамұрза Шүкірбеков (J2 +90) қола жүлдеге ие болды.

ДЗЮДО

Әзербайжан астанасы Бакуде өткен Grand Slam жарысында Ұлттық құрама көшбасшысы Әбиба Әбужақынова қола жүлдеге қол жеткізді. 48 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Әбиба алдымен Маврикий спортшысын жеңсе, кейін швециялық қарсыласына есе жіберді. Жұбаныш белдесуінде Әзірбайжан балуанын ұтқан отандасымыз қола медаль үшін күресте бельгиялық Луиз Петиттен басым түсті. Осылайша, Әбиба бұл маусымдағы екінші қола медалін ұтып алды. Бұған дейін ол Португалиядағы Гран-при турнирінде жүлдегерлер қатарынан көрінген.

ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА

Иран астанасы Тегеранда өтіп жатқан жабық кешендегі XI Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. 60 метрге кедергілермен жүгіруде Давид Ефремов пен биіктікке секіруде Елизавета Матвеева алтыннан алқа тақса, 60 метрге жүгіруде Ольга Сафронова және ядро лақтыру сайысында Иван Иванов күміс жүлдегер атанды. Ал үш қарғып секіру сайысында Мария Ефремова мен 1500 метрге жүгіруде Аяна Болатбекқызы қола жүлде еншіледі.

ШОРТ-ТРЕК

Польшаның Гданьск қаласында өткен шорт-тректен Әлем кубогі кезеңінде Денис Никиша күміс жүлдегер атанды. Ұлттық құрама көшбасшысы 500 метр қашықтықта бақ сынап, жарыстың финалында тек Олимпиаданың 3 дүркін жүлдегері Стивен Дюбуаға (Канада) есе жіберді. Үздік үштікті Польша спортшысы Михал Невински түйіндеді.


ВЕЛОСПОРТ

Түркияның Анталья қаласында өткен маунтинбайктан Kuzilalan Cup (Қызылалаң кубогі) жарысында жерлестеріміз үздіктер қатарынан көрінді. Кросс-кантри бағдарламасында Алина Саркулова 2 мәрте топ жарып, қос жүлде иеленді. Ол бір күн бұрынғы әйелдер арасындағы жарыста да жеңіске жеткен еді. Сонымен қатар Ұлттық құрама спортшысы Татьяна Генелева ел қоржынына бір күміс, бір қола медаль салды. Ерлер сайысында Денис Сергиенко күміс жүлдегер атанды.