Ауыр атлетикадан Азия чемпионаты басталады
Ертең Оңтүстік Кореяның Чинджу қаласында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты басталады.
Бұл сында сары құрлықтың 38 елінен келген зілтемір шеберлері өзара мықтыны анықтайды. Олардың арасында Қазақстан құрама командасының өкілдері де бар. Олар барлық салмақ дәрежелерінде бақ сынайтын болады.
Айта кетейік, осы құрылықтық додада 2024 жылы өтетін Париж Олимпиадасының алғашқы ұпайлары сарапқа салынатын болады. Құрама сапында тәжірибелі Арли Чонтей, Алексей Чуркин, Асылжан Бектай және Рио Олимпиадасының жүлдегері Карина Горичева секілді спортшылар ел намысын қорғайтын болады.
Қазақстан құрамасы сапынан алғаш болып жарыс жолына 45 келі салмақ дәрежесінде Айнұр Әбдіхалықова шығады. Ал ерлер арасында 55 келіде Арли Чонтейге үміт артамыз.