Семсерлесуден Әлем кубогы: Астанадағы турнирдің қорытындысы
Астанада ерлер мен әйелдер арасында шпагамен семсерлесуден Әлем кубогы өз мәресіне жетті. Турнир әлемнің 60-тан астам елінен 500-ден аса спортшыны жинады.
Жарыстың алғашқы күні ерлер арасындағы іріктеу кезеңі өтті. Екінші күні әйелдер арасындағы іріктеу жекпе-жектері өтті. Шешуші кезеңдер 28–29 наурыз күндері өтіп, жекелей және командалық сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды.
Қазақстан құрамасы үшін басты жетістік – команда көшбасшысы Руслан Курбанов финалға шығып, күміс жүлде жеңіп алды. Ол финалда украиналық спортшы Роман Свичкарге 13:15 есебімен есе жіберді.
Сондай-ақ, басқа қазақстандық спортшылар да жоғары нәтиже көрсетті. Кирилл Проходов турнирдің үздік 16 спортшысының қатарына еніп, Франция өкілі Александр Барденені және Корея Республикасының спортшысы Ян Еджинді жеңді. Ирина Бакалдина да жарысты үздік 16 спортшы қатарында аяқтады. Бұл – Қазақстандағы әйелдер арасындағы шпагамен семсерлесу тарихындағы ең үздік нәтиже. Командалық сайыстарда Қазақстанның ерлер құрамасы турнирдің үздік төрт командасының қатарына енді.
Фото: Ирада Михайлова, Сали Сабиров



