Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен Әлем чемпионы атанды
Хорватия астанасы Загребте өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында қазақстандық балуан Айдос Сұлтанғали грек-рим күресі бойынша алтыннан алқа тақты.
60 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған отандасымыз финалда Өзбекстан балуаны Алишер Ганиевпен күресіп, 9:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Осылайша, Айдос Сұлтанғали 26 жыл күткен тарихи нәтижеге қол жеткізді.
Айта кетейік, жерлесіміз осыған дейін 2018 және 2022 жылдары екі мәрте әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленген еді.
Соңғы рет қазақстандық балуандар грек-рим күресінен 1999 жылғы әлем чемпионатында алтын медаль иеленді. Ол кезде 63 келіге дейінгі салмақта Мхитар Манукян чемпион атанған болатын.

