Қазақстан жастар құрамасы элиталық дивизионға жолдама алды

Шайбалы хоккейден Әлем чемпионатында 20 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы бір тур бұрын элиталық дивизионға жолдама алды.

Қазақстан құрамасы элиталық дивизионға жалғыз жолдаманы IA дивизионында Франция, Дания, Жапония, Венгрия және Австрия құрамаларымен сарапқа салған еді.

Төртінші турда қазақстандық хоккейшілер Жапонияны 3:1 есебімен ұтты. Бұған дейін отандық хоккейшілер Венгрия (5:2), Дания (3:2) және Франциядан (4:0) басым түскен болатын. Төрт турдан кейін 12 ұпай еншілеген жастарымыз бір тур бұрын элиталық дивизионға жолдама алды.Енді қазақстандық хоккейшілер алдағы ойынын 16 желтоқсанда Австрияға қарсы өткізеді.

Айта кетейік, соңғы рет 20 жасқа дейінгі команда Сергей Старыгиннің жетекшілігімен 2020 жылы әлемдегі ең үздік 10 жастар командасы құрамына енген болатын. Келесі жастар арасындағы әлем чемпионаты Канадада 2024 жылдың 26 желтоқсанынан 2025 жылдың 5 қаңтарына дейін өтеді.