Дэвид Немировски - Барыс бас бапкері

«Барыс» хоккей клубы негізгі команданың бас бапкері қызметіне Дэвид Немировски тағайындалғанын ресми түрде мәлімдейді. Жаттықтырушымен жасалған келісімшарт бір жылға есептелген.

Немировски Құрлықтық хоккей лигасында 2015 жылдан бері еңбек етіп келеді. «Адмиралда» спорттық директор қызметін атқарғаннан кейіня, Дэвид төрт жыл бойы «Торпедо» командасын жаттықтырды. Ол Нижний Новгород қаласы ұжымының бас бапкері болған кезде команда үш рет Гагарин Кубогы плей-офф кезеңіне шықты. Өткен маусымда маман Новосібірдің «Сибирь» командасының бас бапкері болды.

Олег Болякин, «Барыс» бас менеджері

- Бас бапкерді таңдауда көп еңбектеніп, Немировскидің кандидатурасына тоқтауға шешім қабылдадық. Дэвидке Астана мен Қазақстан жақсы таныс, өйткені өзі де «Барыс» сапында өнер көрсетті. Енді оны басқа қырынан байқап көреміз. Жақында жаңартылған бапкерлер штабын жариялаймыз және алдағы маусымға құрам жасақтауды жалғастырамыз. Дэвидпен жұмысымыз жемісті болып, командамыз Лигада бұрынғыдай жақсы өнер көрсетеді деп сенеміз.