«Астана» Батыс Азия Суперлигасының плей-офф кезеңіне шықты

«Астана» кәсіби баскетбол клубы FIBA West Asia Super League турнирінің финалдық плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Топтық кезең қорытындысы бойынша «Астана» турнирдің шешуші кезеңіне өткен төрт команданың қатарына енді. Елордалық клубпен бірге плей-офф кезеңінде «Аль-Рияд», «Саджесса» және «Шахрдари Горган» командалары өнер көрсетеді.

Плей-офф сериясы 25 наурызда басталып, жартылай финалдар екі жеңіске дейін өтеді. Жаңа формат бойынша алдын ала кезеңде бірінші орын алған команда төртінші орын иесімен, ал екінші және үшінші орын алған командалар өзара кездеседі.

Финалдық серия 16 сәуірде басталады (екі жеңіске дейін), ал 15 сәуірде үшінші орын үшін матч өтеді.

Батыс Азия Суперлигасындағы дебюттік маусымда плей-оффқа шығу – «Астана» клубы үшін маңызды жетістік. Команда халықаралық аренада Қазақстан атынан өнер көрсетіп, чемпиондық атақ үшін күресті жалғастырады.