Демалыс күндердегі айтулы жаңалықтар
ЖҮЗУ
Қазақстан көркем жүзуден Медельин (Колумбия) қаласында өткен Әлем Кубогының кезеңінде екі алтын медаль жеңіп алды. Эдуард Ким ерлер арасындағы еркін бағдарламада 195,2476 ұпай жинап, алтын медаль иеленсе, әйелдер құрамасы да еркін топтық бағдарламада бірінші орынға ие болды. Сонымен қатар, акробатикалық топ күміс жүлде иеленсе, техникалық бағдарламада Виктор Друзин, технаикалық микс-дуэтте (Алдияр Рамазанов, Ясмина Исламова) және еркін микс-дуэтте (Виктор Друзин, Наргиза Болатова) қола медаль еншіледі.
«ҚАЙРАТ» АФК
Футзалдан Қазақстан Чемпионатының 24-ші туры аясында алматылық «Қайрат» өз алаңында «Каспий» командасын қабылдап, 6:2 есебімен басым түсті. Кездесуде алматылық ұжым сапынан Невеш хет-трик авторы атанса, Ромуло, Тұрсағұлов, Тоқаев бір-бір годан соқты. Айта кетейік, «Қайрат» АФК бүгін сағат 19:00-де ақтаулық командаға қарсы екінші кездесуін өткізетін болады.
ШАХМАТ
Қазақстандық шахматшы, блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибисара Асаубаева фристайл-шахмат (Фишер шахматы) форматындағы ойында классикалық шахматтан экс-әлем чемпионы Александра Костенюктен басым түсті. Германияда өткен Фристайл шахматтан Әлем чемпионаты ерлер арасында өтіп, ал әйелдер арасында тек көрме матчы ойнатылды. Төрт партиядан тұрған кездесу қазақстандық спортшының пайдасына 2,5:1,5 есебімен аяқталды. Айта кетейік, ұйымдастырушылардың жоспарына сәйкес, 2027 жылы фристайл-шахматтан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Оған Асаубаева қатысатыны нақтыланған.
ДЗЮДО
Словения астанасы Люблянада өтіп жатқан дзюдодан Еуропа ашық кубогында Қазақстан құрамасы жарысты екі медальмен бастады. Дзюдодан Еуропа ашық кубогы турнирінің алғашқы күнінде Эсмигүл Куюлова (63 кг дейін) күміс жүлде жеңіп алса, Әлжан Нұрәділ (60 кг дейін) қола медаль иеленді. Жарысқа 44 елден 470 дзюдошы қатысуда, бәсеке 15 ақпанға дейін жалғасады.
ЕРКІН КҮРЕС
Еркін күрестен Қазақстан құрамасының балуандары Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен Super 4 Wrestling халықаралық турнирінде екі медаль жеңіп алды. 97 келіге дейінгі салмақта Ризабек Айтмұхан финалға шығып, шешуші белдесуде ресейлік Алихан Кцоевты жеңіп, турнир чемпионы атанды. 86 келіге дейінгі салмақта Азамат Дәулетбеков те финалға дейін жетті. Алайда алтын медаль үшін белдесуде Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, ресейлік Артур Найфоновқа есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды.

