Үстел теннисінен ерлер мен әйелдер құрамасы 2022 жылғы командалық Әлем чемпионатына жолдама алды

Дохада үстел теннисінен XXV Азия чемпионаты жалғасуда. Сарвиноз Миркадирова, Зауреш Акашева, Анастасия Лаврова және Анель Бахыт бастаған Қазақстан әйелдер құрамасы командалық жарыста Иранды 3:1 есебімен жеңіп, финалдық сегіздікке енді. Осылайша, Қазақстан әйелдер құрамасы 2022 жылы өтетін командалық Әлем чемпионатына жолдама алды.

Ерлер құрамасы да ерледі. Кирилл Герасименко, Алан Курмангалиев, Айдос Кенжеғұлов және Ирисбек Артукметов бастаған спортшыларымыз Бахрейнді 3:0 және Таиландты 3:1 есебімен жеңіп, турнирдің ¼ финалына шығып қана қоймай, 2022 жылғы командалық әлем чемпионатына жолдама алды.

Айта кетейік, Катарда өтіп жатқан жиырма бесінші Азия чемпионатында жеке, жұптық және аралас разрядтарда 115 (ер) мен 75 (әйел) спортшы өнер көрсетіп жатса, ал командалық Кубок үшін 28 ерлер және 18 әйелдер құрамасы таласуда.